"Ақмола облысы білім басқармасының Бұланды ауданы бойынша білім бөлімі Жаңаталап ауылының бастауыш мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "Начальная школа села Жанаталап отдела образования по Буландынскому району управления образования Акмолинской области" 

Әлеуметтік желілер

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Баяндама "Тілдік сабақтағы оқушының айтылым мен оқылым дағдыларын дамыту"

28.03.2021

Ақмола облысы

Бұланды ауданы

«Жаңаталап ауылының бастауыш мектебі» КММ

 

 

 

 

 

 

 

           БАЯНДАМА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тақырыбы:«Тілдік сабақтағы оқушының айтылым мен оқылым дағдыларын дамыту»

 

 

 

 

 

 

 

 

Дайындаған:Айтжанова А.Т.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2021 жыл

Қазақстанды  дамыған 30 елдің қатарына жеткізетін – білім. Ғылым мен техниканың күн санап өсуіне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдісі де түбегейлі өзгерістерге ұшырауда.  Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Орта білім беру мазмұнын жаңарту бүгінгі күннің талабы болғандықтан осы талап деңгейінде жұмыс атқару әр ұстазға жүктелер үлкен міндет, үлкен сын.

Әлемдік тәжірибе бойынша тілді тиімді меңгерту төрт дағды арқылы жүзеге асырылады. Оқылым, тыңдалым, жазылым мен айтылым дағдылары коммуникативтік дағдылар болып табылады. Аталған дағдылардың әрқайсысының өзіне тән ішкі дағдылары   мен оны үйрету жолдары, яғни ерекшеліктері бар. Сабақта аталған дағдылар ерекшелігін басшылыққа ала отырып оқыту функционалды сауаттылықты қалыптастыруға мүмкіндік береді.  Грамматикалық білім тілдік төрт дағдыны қалыптастыру барысында жүзеге асып отырады. Оқушының әдеби тіл нормаларын дұрыс және орынды қолдана білуіне үлкен мән беріледі. Ал лексикалық тақырыптар белгілі бір тақырыптар аясында оқушылардың сөздік қорын байыта отырып, сөздердің мағынасын түсінуге, мақсатқа сай орынды қолдануын жүзеге асырады.

Айтылым дегеніміз не?  Айтылым тілдік төрт дағдының бірі және ол жазылым сияқты продуктивті дағдылар қатарына жатады. Яғни тілді қабылдап үйренулен гөрі оны қолдану, сөйлеу көрініс тауып отырады. Қарапайым тілмен айтқанда, айтылым дегеніміз-өзге адамдармен қарым-қатынасқа түсу барысында ойымызды жеткізу үшін тілдік бірліктерді қолдану.

Оқылым дегеніміз не?

Оқылым қабылдаушы дағдылар қатарына жатады. Яғни оқылым дағдысы мәтінді жазу, айтудан гөрі, оған жауап қайтару немесе мақсатқа сай әрекет етуді білдіреді. Қарапайым тілмен айтқанда жазба тілдегі мәтінді түсіну. Ол үшін біз  мәтін тілін сөздер деңгейінде, сөйлем деңгейінде және тұтастай мәтін деңгейінде түсіне алуымыз қажет.Оқылым оқудың сындарлылық теориясына негізделеді, яғни оқушылар жаңа ұғым туралы сын тұрғысынан ойлана отырып, оның мәнін, мағынасын ұғынады, оны бұған дейінгі білімімен байланыстырады. Сондықтан мұғалімнің басты міндеті -бастауыш сынып оқушыларының көркем шығарманы сезіммен қабылдауы, түсінуі, санасында қайта жаңғырта алуы және шығармадан қабылдағанын өзінің шығармашылық әрекетінде жүзеге асыруға ұмтылуы арқылы функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Сонымен оқылым дегеніміз не? Оқылымды қандай әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асыруға болады? Қандай әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануға болады? 
Оқылым процесі негізгі 4 компонент арқылы жүзеге асады: көру, ойлау мүшелері, тілдердің таңбалықжүйесі, коммуникативтік қарым-қатынас.
Оқылымды жақсарту ол жадағай оқудан тұрмайды. Оны жақсартудың жүйеленген әдіс-тәсілдері бар. Солардың ішінде біз жаңарған білім беру бағдарламасы аясында оқылым әдіс-тәсілдерінің 3 кезеңді: «Оқылым алдындағы кезең, Мәтінді оқыған кезең, Оқылымнан кейінгі кезеңді қамтитынын қарастырып жүрміз. Екінші кезеңде оқушылар Блум таксономиясының жоғары деңгейлі тапсырмаларын орындайды, яғни олар маңызды ақпаратты қажет емес бөліктерінен қалай ажырату керектігін үйреніп, оқу жылдамдығы қаншалықты артатынын және таныс емес сөздерге қалай түсінік берілетінін үйренеді, талдау, болжау, шығармашылық тапсырмаларды, мәселелерді шешу жолдарын қарастырады .
Сонымен қатар, мәтінді толыққанды меңгертуге, сөйлей алу және оқырмандық қабілет біліктіліктерін дамытуға бағытталған, белсенді тілдік қарым-қатынас орнатуға, оқуға, балаға шығармашылық тәжірибе беруге бағытталған жұмыс жүйесін таңдау ұсынылады. Әдебиетті оқу арқылы білім алушылар әлем және адамзат туралы тұтас білім алады, Қазақстанның және әлемнің басқа халықтарының тілі мен әдебиетінің құндылықтарын сезінеді, бұл өз кезегінде тұлғаның әлеуметтенуіне оң ықпал жасайды. 
Бастауыш мектепте оқушы игеруі тиіс оқырмандық біліктер:
-мазмұнын түсіну, ақпаратты таба білу;
-мәтіннің жалпы мағынасын түсіну;
-мәтіннің тақырыбын анықтай білу;
-автордың ойын түсіну, негізгі идеясын анықтау;
-мағыналық бөліктердің жалғасымдылығын түсіну;
-тілдік құралдарды көру;
-«Жолдар арасында» оқу білігі;
-өзінің мәтінін құрастыра білу;
-шығарманың жанрын анықтай алу;
-оқылған шығарманы мазмұны бойынша пікір алмасу, әңгімелесу. 
Оқушылардың сындарлы ойлауын дамыту мақсатында зерделік оқылым пайдалынады. Яғни оқушы берілген материалды, не мәтінді бастан аяқ толық түсініп оқуы талап етіледі. Бұл жерде оқушыға қазіргі жаңарған білім беру мазмұны аясында қолданылып жүрген хикаят картасы, венн диаграммасы, уақиға тізбегі, т.т. тәсілдерді тиімді пайдалануға болады. Зерделілік оқылым кезінде қиын сөздер, қажетті оқиғаларды символдық белгілер арқылы белгілеп, соған оқушының назарын аударуға болады.
Көбінесе оқылым дағдыларын қалыптастыруда көрсетімдік оқылымның пайдасы зор. Оқушы мәтінді тұтас оқып шыққаннан кейін оны абзацтарға бөліп, тақырыпша қояды, негізгі ойларды анықтайды. Бұл жерде оқушы мәтінмен жұмыс істеп үйренеді, мазмұнды ашатын негізгі ойларды, негізгі ойды ашатын сөйлемді, негізгі сөйлемді көрсететін кілтті сөзді табады .
Бір сабақта оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым бойынша нақты нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін бір немесе екі оқу мақсаты (дағды) ғана алынғаны дұрыс. Үш немесе одан да көп дағдыны алу сабақтың мақсатына жетуге, қажетті дағдыларды терең қалыптастыруға мүмкіндік бермей, оқушыларда тұрақсыз білім қалыптастыруы мүмкін.
Бастауыш буында жиі қолданатын мәтінді оқытудың келесі түрлерін сабақ үстінде қолданып, оқылым дағдыларын дамыту үшін өте пайдалы түрлеріне назар аударайық:
Дауыстап оқу арқылы – тіл үйренушінің сөйлеу элементерін меңгергендерін байқауға болады, тағы да бір тиімділігі – тіл үйренушілер бір-бірінің қатесін естіп және түзетіп отырады. 
Іштей оқу – бұл жұмыстың мақсаты тіл үйренушілердің шапшаң оқу дәрежесін анықтау. Мысалы: тіл үйренушілерге іштей шапшаң оқу үшін бір мәтін беріліп, қай жерге дейін оқу керектігін белгіленеді. Әркім белгілеген жерге келгенде кітаптарын жауып, бітіргенін байқатады. Осылайша тіл үйренушілердің оқу шапшаңдылықтарының мөлшерін  белгілеп отыруға болады. Бастауыш буында шапшаң оқу, мәнерлеп оқу, түсініп оқу сияқты іштей оқу мен дауыстап оқуға қойылатын талаптарды жүйелей келіп, үлкен мән беру керек.
Белгілер қоя отырып оқу- ойланып оқу, ақпаратты бағалау, автор сөзін өз сөзімен түрлендіріп айта білу біліктерінің қалыптасқандығы болып табылады.
Түсіндіру – жеке ұғым, құбылыстарды, құралдар, көрнекі құралдардың жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін ауызша баяндау. Мысалы, қазақ тілі сабағында жаңа мәтінді өтер алдында  жаңа сөздердің мағынасы түсіндіріледі. Оқушыларға таныс емес құралдарды немесе басқа көрнекі құралдарды сабаққа алып келіп, жаңа материалды түсіндірмес бұрын оларды түсіндіру. 
Бағытталған оқу –мәтінді бірнеше бөліктерге бөліп, әр бөлікті оқығаннан кейін сұрақтар қойып отыру.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» кіріктірілген пәнінен оқылым дағдысын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілеріне мысалдар келтірейік: - қазақ тіліндегі әртүрлі оқылым материалдарын меңгеру, яғни бүгінгі таңдағы газет-журналдар, қысқа әдеби мәтіндер, пікірталас туғызатын және белгілі бір мәселе қозғалған мақалалар, хаттар және т.б.; - көз жүгіртіп оқу, жалпы мазмұнын түсіну және нақты ақпаратты табу үшін оқу, ақпараттарды алу үшін оқу, көркем шығармаларды оқу, автор көзқарасын табу үшін оқу; - кітапқа ауызша және жазбаша шолу жасау; - интернет ресурстарымен жұмыс (тақырып мазмұны бойынша презентациялар, жобалар дайындау); - мәтіннің тақырыбы мен бастапқы бөлігіне сүйене отырып, оқиғаның дамуын болжау; - әдебиетпен жұмыс (сұхбатқа сұрақтар мен жауаптар дайындау); - көз жүгірте, шолу жасай отырып оқу; - мәтіннің негізгі ойы мен бөліктерін анықтай отырып оқу; - ақпаратты табу үшін оқу, қызығып оқу және өз көзқарасын айту үшін оқу . 

Оқылымның ішкі дағдылары:Мазмұнын түсіну үшін оқу немесе көз жүгіртіп оқу- мәтіндегі жалпы идеяны түсінуге үшін тез оқып шығу.

Нақты ақпараттарды табу үшін оқу- мәтін ішіндегі ақпараттарды тауып алу үшін оқу, яғни ол үшін тұтас мәтінді түсініп оқу, мазмұнын білу маңызды емес.Мысалы: қажетті сөздерді тауып алу, жолдарды табу.

Детальді түрде оқу- әрбір  сөздің мағынасын түсіну үшін мәтінді сөзбе-сөз оқу.

Сөз мағынасын контекстен ажырату- мәтін ішіндегі таныс емес сөздің мағынасын түсіну (болжау) үшін, оның айналасындағы сөздер мен сөйлемдерге назар аударту.

Мәтін құрылымын түсіну- мәтін құрылымының ұйымдастырылуын түсіну. (басы, ортасы, аяғы)

Болжай білу- оқылым тапсырмасы алдында қолданылатын тәсіл. Оқушылар мәтінді оқымас бұрын оның мазмұны мен көтеретін мәселесі жөнінде ойланып, талқыланып көреді. Ол үшін олар мәтін тақырыбына, оған берілген суретке қарап болжай отырып, сол тақырыпқа өз білімдерін қолданады.Бұл тәсіл мәтінді оңай түсінуге көмектеседі. Мәтін түрлерін ажырата білу –әр мәтіннің өзіне тән ерекшелігін, ұйымдастырылуын, стилін ажырата білу.Мәтін түрлері: хат, жарнама, әңгіме, құттықтау қағазы, хабарландыру т.б.

Экстенсивті оқылым- үлкен көлемді мақала немесе шығармаларды оқу.

Интенсивті оқылым- мәтіндегі сөйлемдердің грамматикалық құрылымын, белгілі бір тақырыпқа арналған сөздерді талқылау үшін оқу. Мұндағы мақсат оқушылардың тілді қолдана білудегі білімін арттыру.

Тәжірибеден  өткізу барысында бұл бағдарламаның ерекшелігіне көз жеткізе түскендеймін. Соның  бірі  коммуникативтік  төрт дағдыға баса назар аударылуы. Осыған дейін оқылым мен жазылымға аса мән беріліп келсе ,  жаңа білім беру мазмұнында ең бірінші тыңдалым және айтылымға мән берілуінің  қоғамдық қажеттіліктен туындағандығын тәжірибе барысы дәлелдеді. Себебі, тыңдалым дағдысының  6 жастағы балада емес үлкендер тарапында да жетіспейтіні жалған емес. Тыңдалым  болмаған жағдайда  қалған үш дағдының өз нәтижесін  бермейтіндігі айдан анық  жағдай . Сондықтан қазіргі күні оқу процесінде « ең бірінші тыңдаймыз»   деп оқушылардың тыңдалымға  дағдылануына баса назар аударып отыру  оқушыда өз бетімен тыңдауға назар аудару дағдысын қалыптастыруда. Күнделікті  сабақ басталмас бұрын бүгінгі сабақтың  мақсатын таныстыру  оқушыда өз алдына мақсат қоя білуге, сабақ соңында бүгінге мақсатқа қол жеткізгендіктеріне қайта шолу жасау арқылы өз нәтижесіне  саралау жасауға мүмкіндік беру бұл да жаңа білім беру мазмұнының  жаңа бір қыры деп айта аламын.Әр пәнде үш тілділік саясатының  жүзеге асуы және  барлық пәнге  тән ортақ тақырыптың болуы , сабақтың кіріктіріле өткізуге негізделуі  оқушының  белгілі бір тақырыпты жан-жақты қырынан зерттеуіне, өз бетімен тұжырым жасауына ықпал етеді.

Ізденуді ұйымдастыр. Төмендегі оқитын сөздеріңнің саны сұрақтың жауабы болады», «Сұрақтардың жауабын дереккөздерден ізде», «Бірің – көжек, екіншің кірпі болып ойнауға дайындал», «Мультфильмді қалай аяқтар едің?»,  т.б. тапсырмалар оқулықта жиі кездеседі.

 «Жалпы білім беру ұйымдарына (мектеп, гимназия, лицей, т.б.)арналған оқу бағдарламасы мақсаттарының бірі және бірегейі – түрлі әлеуметтік топтармен тіл табысуға қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелеу. Осы мақсатқа жету үшін ынталандырушы және белсенді тілдік орта құра отырып, қажетті қатысымдық дағдыларды дамыту керек» делінген. Демек  оқушының бойында қатысымдық дағдыларды қалыптастыруда тыңдалым әрекетінің алатын орны зор. Бала тілді алдымен тыңдап, құлақ қандырады, қайталап айтады, сөз мағынасын түсіне бастайды, уақыт өте келе тілдік қоры байып, сөйлей бастайды, оқиды және жазады.

 «Қазақ тілі» пәнінде тыңдалым және айтылым дағдыларын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:

  •  дыбыстық-буындық талдау жасау;
  • артикуляциялық жаттығулар;
  • мәтінді мұқият тыңдап, мазмұнын түсіну, сұрақтар қою және сұрақтарға жауап беру;
  • тыңдалған мәтін мазмұнының желісін суреттер арқылы беру;
  • тыңдалған мәтіннің белгілі бір үзіндісін айтып беру;
  • мәтіннің мазмұнына қарама-қарсы пікір айту;
  • өздеріне таныс және қызықты тақырыптар бойынша әңгімелесу;
  • белгілі бір тақырыпта пікірталасқа қатысу;
  • мәтіннің кейбір оқиғаларын ым-ишарамен көрсету;
  • жұпта ым-ишара, қимыл-әрекетті пайдаланып, оқиғаны жазуға дайындалу (мысалы, «Бағытталған оқу» және «Бағытталған жазу»);
  • таныс ертегі, әңгімені мазмұндау, өлеңдерді жатқа айту;
  • сәлемдесу, қоштасу, кешірім сұрау, алғыс айту, өтініш жасау, таныс және таныс емес адамдармен, жақындары және достарымен, құрдастары және ересектермен, кіші балалармен қарым-қатынас жасауға байланысты рөлдік ойындар;
  • нені сұрауға және нені сұрауға болмайтыны туралы пікір таластыру;
  • суреттер, бейнематериалдар бойынша әңгімелеу, сипаттау;
  • сахналау;
  • берілген тақырып (сол сабақта өтілген әңгіме, ертегі немесе мысал)     бойынша диалог (қуыршақтардың көмегімен) құрастыру.

«Әдебиеттік оқу» пәнінде оқылым дағдысын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:

мәтіннен қажетті сөйлемді немесе сөзді тауып оқу;

  • «көзбен оқы» ойыны арқылы оқу;
  • мәтіннен көркем, бейнелі сөздерді тауып оқу;
  • сөздік жұмысы (сөздің мағынасын түсіну);
  • мәнерлеп оқу;
  • рөлге бөліп оқу;
  • оқылған әңгіменің, ертегінің, т.б. картасын жасау.
  • Тыңдалым және айтылым

Мұғалім мен басқа оқушылардың сөйлеуін тыңдауы, естігенінің мәнісін түсінуі, сұраққа дұрыс және нақты жауап беруі, сөз мағынасын түсінуі, сөзді жұмсалу орнына және мағынасына қарай қолдана білуі, сыныптастарымен тілдесуде сөйлеу мәдениетін сақтай отырып, өзі туралы айта алуы. Тілдік емес амалдарды (интонация, мимика, қол қимылдары, дене қимылдары) ауызша сөйлесуде қолдануы. Сюжетті суреттер бойынша әңгімелер құрастыру, ертегілер айту. Өлеңдер жаттау, санамақтар, мақалдар мен мәтелдер, жұмбақтар жаттау. Жаңылтпаштар айту арқылы артикуляциялық аппараттарын дамыту. Сөздің дыбыстық құрылымы. Дауысты дыбыстар, олардың жуан, жіңіщке болып бөлінуі. Дауыссыз дыбыстар, олардың қатаң, ұяң, үнді болып жіктелуі. Буын – ең кіші айтылым бірлігі ретінде. Сөздердің буындарға бөлінуі. Дауысты дыбыстардың буынқұраушылық рөлі. Сөздің мағынасы. Сөйлем құрау. Сөйлемдерден қысқаша мәтіндер құрастыру. Мәтінді тыңдау барысында түсіну. Мұғалімнің ауызша сұрақтарына жауап беру. Сюжетті сурет бойынша немесе көргені, бастан кешкені, естігені туралы әңгімелесу;  тақпақтар жаттау, мазмұнын айтып беру. Түрлі жанрдағы шығармаларды салыстыру. Шығармадағы негізгі кейіпкерлерге мінездеме беру, сипаттама жазу дағдыларын  қалыптастыру. Сөздің дыбыстық және әріптік құрамының сәйкестігін немесе сәйкес еместігін нақтылау. Сөздерді қазақ әдеби тілінің орфоэпиялық заңдарына сәйкес айта білу. Коммуникативтік мақсаттарға сай (топта сөйлесу, сұхбатқа қатысу, сахналау, рөлдік ойындар) сөйлеу мәдениеті этикеттерін пайдалану, лексикалық тақырыптар негізінде сөздік қорды кеңейту.

Оқылым

Болжау әдісі  тіл үйренушілерінің терең ойлы оқырман болуына себепкер болатын оқылым дағдысының ең маңызды стратегияларының бірі болып табылады. Болжау стратегиясы кез келген оқылымның қиындығын оқушының сезінбей игеруіне көмектеседі және жаппай сынып болып білім алуды ұйымдастырады. Нақтырақ айтсақ: «Болжау дегеніміз - кілт сөздерді оқылымға дейін пайдаланып, мәтін мазмұнының не туралы болатындығын алдын-ала  болжап білу». Мәселен, оқушы газет мәтінінің тақырыпатына немесе оның фотосуретіне, шығарма тарауларының атауларына, автордың атына, тіпті хат сыртындағы мәліметке қарап, оқитын мәтіннің не туралы болатынын біле алады (Spratt, Pulverness, Williams, 2011). Демек, болжау стратегиясы тақырып аясында ақпарат алуға бірден бір себепші болатын оқыту құралы.

Тілді  үйретуде болжау стратегиясын пайдаланудың артықшылықтары бар. Біріншіден, болжам жасау барысында оқушылар жаңа білімді анықтау үшін өздерінің бұрынғы білімдерін қайта жаңғыртады. Екіншіден, болжауға негізделген тапсырма оқушылардың қызығушылығын арттырады (Duke пен Pearson сілтемесіндегі Anderson, Wilkinson, Mason, Shirey, 1987). Үшіншіден, оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау мүмкіндіктерін дамытады (Wagaman, 2008) және оқушылар осы әдіс арқылы өз білімдерін тексеріп, нақтылай алады. Оқушылардың ойлау қабілетін дамытатын, шығармашылығын шыңдайтын амал ретінде қолданады. Ол бағытта тапсырмалар оқушыға мәтіндегі ойды аяқта, мәтіннің ортаңғы бөлігін ойдан құрастыр т.б. болып келеді. Сондай-ақ, болжау стратегиясының  зерттеу нысанына алынудың басқа да бірнеше себептері болды. Біріншіден, күні бүгінге дейін қазақ тілін оқыту әдістемесінде тек аударма-грамматика әдісі ғана қолданылып келген (ол оқушыларға мәтінді жай ғана бір тілден ана тілдеріне аударту арқылы түсіндіру). Ал шетелдік әдістемеде бұл әлдеқашан ескірген әдіс болып табылады. Бүгінде бұл әдістің орнын Лексикалық әдіс (Lexical approach), Анықтауға бағытталған әдіс (Guided discovery) т.б. басады. Ендеше, оқытудың жаңа әдістерін біртіндеп қолданысқа енгізу мақсаты алға қойылып отыр. Екіншіден, оқылым дағдысының  өз ішінде алуан түрлерге жіктелетіндігі  тіл үйрету әдістемесінде әлі де болса  тың тақырып.

Оқыту процесі барысында «Болжау стратегиясы» тілді меңгерушілердің оқылым дағдысын дамытатын оқыту құралы қызметін атқарады. Қазақ тілін меңгертуде Болжау стратегиясын қолданудың  маңыздылығы жетіп артылады.  Оқушыларға белгілі бір тақырыпта немесе кітап туралы болжау жасатқанда оның  дөп түсуі міндетті емес. Олар тақырып аясында түрлі болжамдар айтып нақты жауап тапқанға дейін бұрыннан қордаланған білімдерін жаңғыртады. Мұның өзі оқылымға қажетті басты элементтердің бірі.

Болжам жасаудың түрлі жолдары бар. Ол тілді үйретуге қатысты дағдылардың барлығына ортақ әдіс болып танылғанымен, негізінде ол оқылым дағдысын қалыптастыруда қолданылатын тиімді тәсілдердің бірі. Грилеттің айтуынша (Grellet,2006.p17) болжау әдісі оқылым материалын егжей-тегжей оқымай, кілт сөздерге сүйеніп-ақ оқылым мазмұнын анықтау мүмкіндігіне ие болады. Бұл, әсіресе,   тілді үйренетін оқушыларға ең қажет оқылым дағдысы.

Болжауды оқылымға дейінгі, оқылым барысында, оқылымнан кейінгі деп бөлуімізге болады. Оған қоса, болжау әдісі төрт түрлі дағды бойынша да (оқылым, айтылым, жазылым, тыңдалым) өз ішінде түрленеді. Мысалы, жазылым дағдысы бойынша  - сурет бойынша әңгіме құрап жаз, әңгімені аяқта, мәтінді қайта қалпына келтір т.б. Дәл осындай болжау ретімен оқушылардың айтылым дағдысы дамытылады. Мысал ретінде бір ертегіні немесе әңгімені мұғалім  сюжетке құрылған суреттерді ғана оқушыларға ұсынып, соған сәйкес әңгіме, ертегі  құрап айтуды тапсырады. Кейін оларға ертегінің немесе әңгімененің  дұрыс нұсқасы беріліп, өздерінің болжамдарымен салыстыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл тұста оқушылар үшін өз болжамдарының қаншалықты жақын болғанын білу маңызды болып келеді әрі олар тапсырманы асқан қызығушылықпен, ынтамен орындайды. Әлбетте, болжау әдісін қолданғанда кейбір дағдыларды қатарластыра, араластыра қолдануға болады, бірақ бір сабақ көлемінде максималды деңгейде екі-ақ дағды нысанаға алынады.

Кей кездері болжау стратегиясы оқылым мен грамматиканың да басын қосады. Мәселен, ағылшын тіліндегі оқылымда Filling the gap аталатын тапсырма бар.  Ол тапсырма бойынша оқушы әрбір бесінші  немесе алтыншы сөздерді (мәтінде ол сөздердің орны бос келеді) грамматикалық білімдерін пайдаланып болжау арқылы оқылымды жалғастырады.

Болжау стратегиясын жаңа сөздерді үйрету тәсілі ретінде де жиі пайдалануға болады. Мысалы, оқушыларға оқылым алдында белгілі бір тақырыпты ашатындай, яғни сол тақырыпқа қатысты он сөз тізбегін жазу тапсырмасы беріледі. Ондағы мақсат оқушылардың бұрыннан бар білімдерін жаңғырту, атап айтқанда білетін сөздерін қайталату және жаңа сөздерге баса назар аударту. Бұл тапсырма бойынша мұғалім оқылымнан кейін оқушы сөздерінің мәтінде кездесу не кездеспеулерін  бірлесе талқылатады, кездеспеген жаңа сөздердің есте сақталуы үшін олармен сөздік жұмысын жүргізеді.

Оқушылардың оқылым дағдысын қалыптастыруда  болжаудың түрлері өте көп ұшырасады. Оларға: мәтін ішіндегі бос орындарға қажетті мәліметтерді тауып қою (сөздерді), сюжетті желімен жазылған мәтін бөліктерін біртіндеп болжап оқу, әңгімені аяқтау, оқылым материалының тақырыпаты бойынша оқылатын мәтін мазмұнын тексеру т.б. Оқылым дағдысындағы болжам әдісі, сонымен қатар, оқылым алды, оқылым кезіндегі, оқылымнан кейінгі деп те бөлінеді. Сол себепті де болжату тапсырмаларының мақсаты да түрлі болып келеді.

Болжаудың сабақ барысындағы қолданылу мөлшері әрқилы. Себебі ол оқылым материалының мазмұны мен сабақтың мақсатына байланысты. Мәселен, ‘New English File’ студент кітабында абзацтары бірінен кейін бірін болжатып оқуға құрылған оқылым мәтіні берілген. Мұндай жағдайда болжау әдісі  сабақ бойына татырлық жұмыс түрі бола алады. Мәселен, сабақ тақырыбын болжатып барып хабарлауға болады, оқылым бойында болжау әдісі қолданылады, оқылым соңында оқушыға мәтінді өз бетінше аяқтау тапсырмасын беруге болады т.с.т. Демек, бұдан болжатып оқыту жай ғана сабақты қызықты етіп өткізудің амалы ғана емес екендігін көреміз. Болжау әдісі арқылы оқушылар өздерінің оқылым дағдыларының қандай деңгейде екендігін бағалай алады, өздерінің бұрынға білімдерін қаншалықты қолдана алатындықтарына көз жеткізеді. Болжау әдісі оқушылардың оқылым тапсырмаларын дұрыс орындап, өз жауаптарына сенімді болуларына себепкер болады.

Болжап оқытуды сәтті жүзеге асыруда көрнекі құралдардың да маңызы зор. Болжауға қатысты заттық көрнекіліктер мен карточкаларды, бейнематериалдарды, суреттерді пайдалану арқылы оқушыларды  дұрыс болжауға бағыттай аламыз. (Harmer, 2007).  Сондай-ақ, аталғандардың қатарында компьютерлік ойындардың да орны ерекше. Оларды сабақты қорытындылау немесе сабақ тақырыбын хабарлау мақсатында ұтымды қолдануға болады. Мысал ретінде Давид Тулганың “Picture Puzzle Prediction” сияқты компьютерлік ойындарын атауға болады.  (Picture puzzle. www.Davidtulga.com).

Ойымызды қорытындылай айтқанда, оқушылардың оқулықтарындағы оқылымды жүзеге асыруда болжау әдісінің маңызы өте зор. Оған өзге дағдыларға қарағанда оқылымдағы болжау әдісінің  көптеп қолданылуы дәлел бола алады. Болжау әдісін сабақ кезеңдерінде қолданылуына орай және оқылым мазмұнына байланысты бірнеше түрлерге жіктейміз. Алайда, қайсыбір түрі болмасын оқушының түсінігін қалыптастыруға,  сабаққа деген қызығушылығын арттырға, ойлау қабілетін арттыруға, өз білімін бағалауға  зор септігін тигізеді.

А. Байтұрсынов: «Дүниеде өзгермейтін нәрсе жоқ. Ғылым да, тіл де, табиғат та дамиды. Осындай дамуды, өзгерісті басынан өткеретін күрделі құбылыс та – тіл» деп жазған. Жеке тұлға тәрбиелеуде тіл құзыреттілігінің маңызы ерекше. Әлеуметтік топтарда, қоғамдық түрлі әлеуметтік орындарда тұлғалармен қарым-қатынас жасауды және әрекет етуді қамтамасыз ететін ана тілін және басқа тілдерді меңгеру – заман талабы. Білім алушының тіл құзыреттілігін жетілдіруге критериалды бағалау жүйесінің ықпалы өте зор. Қазіргі заманда дамытудың нақты, бағытты, жүйеленген әдістемелері жасалып, психологиялық қолайлы жағдайлар тудырып отырса, кез келген  ерекше қабілетті оқушы дарынды оқушыға айнала  алады. Ал дарынды ұрпақ – елдің ертеңі екенін, оқушы жастан белсенді азаматтық позициясымен ерекшеленетін бала қоғамымыздың ертеңгі интеллектуалдық потенциалы, зияткерлік тобы екенін үнемі есімізден шығармайық.

 

 

 

Просмотров: 8333


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст